понедельник, 22 февраля 2016 г.

"Алматы арманым болған жоқ" немесе "Нұрда өскен Гүл"

"Нұрда өскен Гүл". Нұргүл қыз. Алматы қалалық орталық саябақта түсірілген сурет. 

Бізде "Жаңа медиа" сабағында әркімнің өз жұлдызы бар. Менің "жұлдызым" - Нұргүл. 

Нұргүл екеуміз 5-сыныптан бері таныспыз. 11-сыныпқа дейін бірге оқыдық. Сол уақыттың ішінде талай рет ұрыстық та, қуанышымызбен де бөлістік. Бастысы, бәрінде біргеміз. Сондықтан, оның басынан оқиғаларды жақсы білемін. Асхат ағай тапсырмасын "Жұлдызбен сұхбат"  деп жазыпты. Бізге, сұхбаттасудың керегі жоқ қой, бір-біріміз туралы жақсы білеміз. Сол үшін Нұргүл маңызды деп тапқан бір оқиғаны жазғым келіп отыр.

Нұргүл екеуміз Ұлттық Бірыңғай Тестілеуге бірге дайындалдық. Екеуміздің де таңдау пәніміз қазақ әдебиеті пәні болғандықтан, үнемі бірге тест шешетін едік. Әне-міне деп жүргенде Ұлттық Бірыңғай Тестілеу де келіп қалды. Нұргүл ойдағы ұпайын алып шықты. Бірақ, қандай мамандықты таңдайтынын нақты шешпеген еді. Сыныпта 4 қыз бірге жүретін едік. Нұргүл, мен, және 2 қыз (оларды нақты жазбай-ақ қояйын). Сол 2 қыз Оралға оқуға кететін болды, ал мен Алматыға барамын деп жоспарымды жарты жыл бұрын құрып қойған едім. Нұргүлден "қайда тапсырасың " деп сұрасақ, "әлі білмеймін" демесі бар ма?! 

Әрі Алматыға жалғыз өзім баратын болған соң, әрі Нұргүлдің журналистикада осал болмайтынын біліп, менімен бірге жүр деп уәж айта бастадым. 

11-сынып оқушыларына жиналысты көп жасаушы еді ғой Білім басқармасы. Тестілеуден кейінгі ең соңғы жиналысқа бітіруші түлектер ата-анарымен бірге келсін деген тапсырма берілген екен. Жиналыс залына барсам Нұргүл анасымен отыр екен. Анасын бұрыннан танушы едім. Амандасып болып, оқу жайында әңгімені бастап, СДУ-і туралы айтып, таныстырып, "менің жұлдызымды" сонда жіберіңіз оқу орын жақсы, білімімен қатар тәрбиесі де бар деп журналист болсын деп тілек білдірдім. Анасы ойланып, "әкесімен ақылдасайық" деді. Осы жерде, қазақ әйелдерінің ибалылығына тағы бір көз жеткізгендей болдым. 

9 ай бойы дайындықтан босамай, жаздыгүні тал түске дейін ұйықтайтын - мен ғой.)) 1-2 күннен соң түскі 11-лер шамасы-ау деймін, "жұлдызым" хабарласып, "СДУ-іне баратын болдым" деп бір қуантты. 

Жұлдызым айтады: "Алматы тіпті жоспарда болған жоқ, Астана немесе Ақтөбеге барамын деп ойлаушы едім"

Менің жұлдызым СДУ-іне келгенін өміріндегі ең дұрыс шешімдердің бірі деп пайымдайды. 

Ал бүгін менің жұлдызымның өмірге келгеніне 19 жыл, құтты болсын, жарығым! 

"Нұрда өскен Гүл" анаң сияқты ибалы қыз, білікті маман бол деп тілеймін. Сәттілік серігің болсын!

четверг, 18 февраля 2016 г.

"Қыздарға көлік жүргізудің қажеті жоқ"

Елден жырақта жүрген кезде танымайтын адамдармен әңгімелесіп көрдіңіз бе?
Елден жырақта жүргенде бір жақынның болғаны да - демеу. (Сурет Алматы-Маңғышлақ пойызында түсірілді.)

Көше тар болса да, жолыңыз әрдайым кең болсын! (Сурет Сулеймен Демирель Университетінің ауласында түсірілді)
Бірде қалада оқитын сыныптасым жатақханада достарымен жағаласып жүріп, қолын ауыртып алыпты. Кеш болып кеткен соң ауруханаға да бара алмапты. Үлкен қалада менен басқа жақыны жоқ. Ертесіне сабақтан шыға сала онымен бірге ауруханаға барайын деп жолға шықтым. 
Таксиге отырдым. Алматының көшелерінің атын да білмеймін. Әйтеуір тар көшемен бара жатырмын. Қарама-қарсы келе жатқан көлік "қопырап", тез жүріп кетпей жыныма тиді. Алматының тар көшелеріне жыным келеді дегенім сол еді, әлгі таксист  көшеде кінә жоқ екенін, жүргізуші дұрыс болса, жол жақсы екенін айтып түсіндіріп жатыр. Сонда  қалай болғаны деп ары-бері көшеге қарап қоямын. Әлгі ағай түсінбегенімді байқап, рөлде отырған қыз көлікті жүргізе алмай отырғанын айтты да, артынша қыздарға көлік жүргізудің қажеті жоқ деп "бұртиды" да қалды. Ал керек болса! Менің бала күннен арманым көлік жүргізу еді... Оған келіспеймін деп мен де "қисайдым". (Бізге қарама-қарсы кездескен көлікті жүргізіп отырған қыз екенін кейін байқадым.) Таксист қыздарды ережені көп біле бермейді, жол апатын тудырады  деп ақталып жатыр. Ол кісі қыз балалар нәзік болғандықтан кез-келген жағдайға дайын бола алмайды, бір ережені білсе, сол қатып қалған ережемен жүреді деп ойлайды екен. Неліктен олай ойлайсыз десем, қыз бала жүргізген көліктер көп жол апатына ұшырап жатқан себебі кенеттен болатын оқиғаға дайын болмай "мандраж ұстап" көлікті басқара алмай қалады деп түсінеді екен. "Әр молда өз білгенін оқиды" демекші, мен де өзімдікін айта бастадым. Бес саусақ бірдей болмағаны сияқты, қыздардың да ішінде салмақты, қорықпайтын, ержүректері болады деп айттым да, амандық болса ауылыма жеткен соң жүргізуші куәлігін аламын, "қорықпайтын  қыз жүргізуші" боламын десем, таңырқай отырып ауылымның қай жер екенін сұрап бастады. "МАҢҒЫСТАУ" деп мақтанышпен айттым. (Қазақ мақтанбаса, қазақ болмайды ғой.) "Маңғыстаудан болсаң қорықпассың, сендердің халықтарың өжет қой" дегенде, өз елімді мақтаған адамды өзге жерде бірінші рет көрген мен өзінің қай жерден келгенін сұрауға тырыстым. Сөйтсем, ол кісі Шымкенттік екен. Әңгімеміз басқа арнаға ауысып, Шымкенттіктер туралы айттық, оқу жайында да, саясат жайындада айттық. Солай біршама әңгіменің басын қайырып тастадық. "Тар жолдың" арқасында әңгімемізді кеңейтіп ауруханаға да жеттім.



среда, 17 февраля 2016 г.

Менің әлеміме қош келдіңіздер!

Әр адамның қуанған, жабырқаған кездерінде өзініңұбанышы" болады. Әркімнің жұбанышы әртүрлі: әуен тыңдау, серуендеу, (кейбіреулерге) ішімдік ішу, тағысын тағы. Ал менің жұбанышым - поэзия. 
Осы блогты поэзия сүйер қауым үшін ашып отырмын. Блогымда өзім жазған өлеңдерді жариялаймын және өзіме ұнайтын өлеңдер туралы жазба жазатын боламын.
Жалпы, мен поэзия әлеміне қалай келдім? Осы сұраққа жауап берейін. 
5-сыныпты бітірген кезім, жаз, демалыс. Үйде жатып зерігіп кеттім. Оқитын сабақ та жоқ. Күннің 50 градус ыстығында бала болып далада ойнай да алмаймыз. Ол кезде  қазіргідей планшет, смартфон дегендер болмады. Әжемнің туылған күніме сатып алып берген қарапайым, ақ-қара түсті телефонды қолданатын едім. Сол телефондағы  "құрт" ойын да жалықтырып жіберген еді. Өзімнен 1 жас үлкен көрші қызбен үнемі кешкісін көшеде доп ойнайтынбыз. Ол доп та жалықтырды. Сөйтіп, екеуміз кітап оқиық деп шештік. (Мен қазір сол шешімімізге өте ризамын.)  
Маңғыстауда жаз деген 50 градустың төңірегі ғой. Сонда да кітап үшін тал түсте әлгі көршіміз екеуміз аудандық кітапханаға бет алдық. Айтпақшы, көршіммен танысып қойыңыздар, есімі Бағила, қазір Орал қаласында, студент. 
Кітапханаға бара жатып, екеуміз бірдей кітап алып оқимыз, аяқтаған соң бірге талқылаймыз деп келістік. Мектепте Мұқағали Мақатаевтың бір-екі өлеңін жаттап, басқа шығармаларымен таныс болмаппыз. Содан, кітапханадан Мақатаевтың шығармалар жинағын алдық та, тезірек оқу үшін үйге асықтық. "Қош махаббат" деген пьесасы көзге оттай басылды. (Есімім Махаббат болғандықтан.) Күнімен соны оқып 2-3 күннің ішінде аяқтап тастадық. Өзі сонша ұзақ пьеса емес. Аталмыш пьесада Айбар деген ақын кейіпкер бар. Өлең жазғаны, ойланғаны өте қатты ұнады. Содан соң, Мақатаевтың өлеңдер жинағын алып, біршама өлеңдерін жаттадым. Мені поэзия әлеміне алып келген Мақатаевтың өзі, оның жауһар жыры. 
Поэзия - гүл сияқты. Иіс сезетіндерге жұпар исі маңызды, тек әдемілікті көретіндерге солмағаны маңызды.  (Сурет Алматы облысы, Қаскелең қаласында түсірілді.)
5-сыныпта шимайлап, ұйқасы онша келіңкіремейтін өлең жазаатын едім. Мақатаевты оқыған соң, қара өлең ұйқасын түсініп, салмақты өлеңді 6-сыныпта жазып бастадым. Мұғалімдерім жазғыштығымды байқап, "Абай оқулары" сайысына қатыстырды. Ауданнан 2-орын алып мәз болғаным - ең алғашқы жеңісім еді. 
Блогта өзімнің басымнан өткендей жағдайлармен таныс болып жатсам, ол да бір әлемге жетелер деп ойлаймын.
Оқырман қауым, менің әлеміме қош келдіңіздер! Құрметпен Махаббат Жұбаныш.